Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күніне орай «Әділ сөз» қорының мәлімдемесі

3 мамыр 2024

3 мамырда әлемде Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні атап өтіледі. Оны 1993 жылы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 1991 жылы 3 мамырда қабылданған Виндхук декларациясы құрметіне орай жариялады. Әлемдегі еркін баспасөздің маңыздылығын жариялау үшін декларацияны африкалық баспагерлер, редакторлар және журналистер жасады. Декларация барлық елдердің үкіметтерін баспасөз еркіндігіне кепілдік беруге шақырады. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті, бірақ ақпаратты іздеу, алу және тарату бостандығы мен қоғамдық игіліктің арасындағы тарихи байланыс Виндхук декларациясына қол қойылған уақыттағыдай өзекті күйінде қалды.

Баспасөз еркіндігінің маңыздылығын асыра айту мүмкін емес. Еркін ақпарат алу және тарату Қазақстан азаматтарын анағұрлым білімді, жауапкершілікті әрі саналы шешім қабылдауға қабілетті және өз аймағының, қаласының жағдайы мен елінің болашағы үшін белсендірек етеді.

Тәуелсіз БАҚ журналистері күн сайын фактілерді тауып, тексереді, оқиға болған жерге барады, шенеуніктерге кейде өте ыңғайсыз сұрақтар қояды. Бұл олардың кәсіби міндеті. Бірақ бұл үшін олар жиі қауіп-қатерге, шағымдарға, кибершабуылдарға тап болады және сотқа тартылады.

«Әділ сөз» қорының сөз бостандығының бұзылуына жүргізген мониторингі соңғы 10 жылда журналистер құқығының бұзылуы тұрақты түрде жоғары екенін көрсетеді: 

 

2022 жылдың басынан бері сотқа беру, физикалық күш қолдану сияқты дәстүрлі қорқытуларға кибер және телефон арқылы қорлау, фейк аккаунттар ашу, Қазақстан аумағында қазақстандық БАҚ-ты бұғаттау, журналистер мен редакция қызметкерлерінің мүлкіне зиян келтіру қаупі қосылды. БАҚ пен журналистердің сайттарына, аккаунттарына кибершабуылдар саны азаймай отыр.

Бұл жаңа қауіптер баспасөз бостандығы мен ақпарат тарату құқығын өрескел бұзады. Бұған қарсы тұру дереу әрекет етуді талап етеді.

Тек биылғы жылдың басынан бері қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін немесе азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін өрескел бұзатын көрінеу жалған ақпарат таратуға (ҚР ҚК 274-бабы) қатысты алты сотқа дейінгі тергеп-тексеру болды. Төрт жағдайда істі полиция тергеген.

Тоғыз әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың бесеуіне іс жала жабу бабы бойынша қозғалса, оның төртеуі журналистер мен блогерлерге қатысты.

456-2 бабы – Жалған ақпаратты орналастыру, тарату бойынша үш айып тағылды. Оның біреуі блогерге айыппұл салу туралы сот шешімімен аяқталды.

Жыл басынан бері Жамиля Маричева, Марина Низовкина, Думан Танабасов, Ержан Бағдатов, Асхат Ниязов, Данияр Әділбеков, Асқар Ақтілеуов, Ардақ Ерубаева және т.б. сотқа дейін тергелді, сот процестерімен бетпе-бет келді.

Біз мемлекеттік органдар мен жеке құрылымдарды журналистердің құқықтарын құрметтеуге, ҚР Конституциясымен кепілдік берілген сөз бостандығын, ақпаратты еркін

алу және тарату құқығын сақтауға және бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына кедергі жасамауға шақырамыз.

Еркін қоғам сөз бостандығынан басталады.

Өз сұрағыңызды қойыңыз